БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Айымгүл Нұржанованың мәлім еткеніндей, жазасын өтеушіге протез мемлекеттік тапсырыспен орнатылды.
Орал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Салют-Орта» протез-ортопедиялық орталығында мұндай аппаратты бірінші рет шығарды.
«Аталған кәсіпорында протездің ең басты бөлігі –культеприемды гильзаны шығарады. Адамның отырып-жүруі, протездің жайлығы соған байланысты. Қазіргі кезде кәсіпорын жеке өлшем бойынша кез келген эксклюзивті ортопедиялық аяқкімді дайындай алады», деді А.Нұржанова.
Оның айтуынша, мұндай ерекше протезді орнату үшін Ресейдің Байкалынан техник-протезші Максим Ваулин арнайы келді. Ол протез қондырғаннан кейін жазасын өтеушіге спортпен айналысып, тіпті футбол ойнауға болатынын жеткізді.
«Сотталғанға дейін жол апатынан кейін аяғымды кескен еді.
Мен осы уақытқа дейін балдақпен жүрдім. Бүгіннен бастап өз аяғыммен жүре бастадым», деді жазасын өтеуші.
Ер адам жаңадан толыққанды өмір сыйлағаны үшін колония қызметкерлері мен «Салют-Орта» орталығына ризашылығын білдірді.