Оралда техникалық қызмет көрсету стансасы қызметкерінен қару-жарақ тәркіленді
ОРАЛ. KAZINFORM – «Құқықтық тәртіп» жедел алдын алу іс-шарасы барысында БҚО полиция департаменті экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Оралда техникалық қызмет көрсету стансасы қызметкерінің жұмыс орнынан қолдан жасалған 5,6 мм шолақ тапанша мен қылышқа ұқсас бұйымды тәркіледі.
Фото: БҚО Полиция департаменті
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, сондай-ақ аталған тұрғынның тұрғылықты мекенжайынан оптикалық көздегіші бар пневматикалық винтовка табылды.
«Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген заттың қолдан жасалған атыс қаруы екені анықталды. Тергеу амалдары жүргізілуде», деп хабарлады ведомстводан.
Фото: БҚО Полиция департаменті
Департаменттен түскен мәліметке қарағанда, 1-10 маусым аралығында облыста «Құқықтық тәртіп» аясында 119 қылмыс тіркелді. Тыйым салынған заттарды алып жүргені және сақтағаны үшін 22 азамат ұсталды, олардан 4 есірткі заты, 13 атыс қаруы, 229 оқ-дәрі тәркіленді.
Аталған іс-шара барысында 4 111 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді, оның ішінде 401-і – ұсақ бұзақылық, 451-і – ішімдік ішу және қоғамдық орында мас күйде жүру. Сондай-ақ, көлік құралдарын масаң күйде басқарған 33 жүргізуші қолға түсті.
Фото: БҚО Полиция департаменті
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда жоғалып кеткен 18 жастағы жігіттің шаруа қожалығынан табылғанын жазған болатынбыз.
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).