ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда терминал арқылы ақша жымқырған екі күдікті іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қаласы полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша бұл екі ер адам Ресейден келген.
Олардың іс-қимылы мынадай болып келеді. Бетперде киген күйінде «24 сағат» банкоматына келіп, өздерінің 10 мыңдық ақшасын купюра қабылдағышқа жұқа лентамен салады. Терминал есептеген кезде экранға өздерінің телефон нөмірлерін теріп, ақшаны соған жібереді. Содан кейін купюраны суырып алады да, тайып тұрады.
«Бұл - алаяқтықтың жаңа түрі. Терминалдарының тоналғаны жөнінде кәсіпкерлерден бір аптада тоғыз, соңғы тәулікте үш шағым түсті. Олардың қанша ақшасынан айырылғаны нақтылануда. Сондықтан тұрғындар «24 сағат» банкоматы жанынан күдіктілерді байқаса, «102» телефонына хабарласуын сұраймыз», деді Нұрлан Бисенов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).