Тағылымды шараға облыс әкімі Нариман Төреғалиев, Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қырғызстаннан келген қазақ диаспорасының өкілдері, қоғамдық ұйым көшбасшылары, зиялы қауым, тарихшы ғалымдар, ақын-жазушылар, тіл жанашырлары, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, еңбек ардагерлері және жастар қатысты.
Фестиваль аясында «Алтын көпір» халықаралық форумы да ұйымдастырылып, шетелде тұратын қандастар мен тарихи Отаны арасындағы рухани байланысты нығайту, қазақ тілін, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.
Облыс әкімі шараға қатысушыларды Қазақстан халқының тілдері күнімен құттықтап, тілдің ұлтты ұйыстыратын басты құндылықтардың бірі екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттық сана ұлттық тілмен ғана қалыптасады. Қазақ тілін меңгеру – біртұтас ұлт болу жолындағы айрықша маңызды қадам», – деп, мемлекеттік тілдің халықты біріктірудегі айрықша рөліне мән берді. Отан отбасынан басталса, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен бастау алады. Дәстүрге айналған «Тіл – тұтастық туы» фестивалі – өткеннің өсиетіне, бабалар аманатына адалдықтың жарқын көрінісі, – деді Нариман Төреғалиев.
Аймақ басшысы «Алтын көпір» фестивалінің атауына сай, шетелде тұратын қазақ диаспорасы өкілдерін тарихи Отанымен байланыстыратын, ортақ тіл мен мәдениетті, салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтарды ұрпақтан ұрпаққа жалғастыратын рухани көпір екенін атап өтті.
– Мемлекет басшысы бастамашы болған Халықтық Конституцияның преамбуласы «Біз, біртұтас Қазақстан халқы...» деген сөздерден басталады. Біз байырғы қазақ жеріндегі мемлекеттілігімізді нығайтып, Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихын сақтап, болашаққа бірге нық қадам басамыз. Әлемнің қай түкпірінде өмір сүрсе де, әрбір қазақ үшін Қазақстан әрдайым тарихи Отаны болып қала береді. Дәстүрлі фестивальдің негізгі мақсаты да – жырақта жүрген қандастарымызбен тұрақты байланыс орнату және ортақ құндылықтарымызды дәріптеу, – деді облыс әкімі.
Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының бес өңірімен шектеседі. Осыған байланысты көршілес мемлекеттердегі қазақ диаспорасы өкілдерімен және қоғамдық ұйымдармен байланыс орнату, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Нариман Төреғалиев жуырда Орынбор облысына жасаған жұмыс сапары барысында «Бәйтерек» қазақ қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездескенін атап өтті. Аталған ұйым ұлттық салт-дәстүр мен төл тарихты танып-білу және насихаттау бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып келеді.
– Қандастарымызбен арадағы байланыс – ортақ тарихымыз бен рухани құндылықтарымызды дәріптеудің маңызды тетігі. Арақашықтық ұлттық болмысты сақтауға кедергі болмауы тиіс. Түптеп келгенде, тіліміз бен дәстүрімізді сақтау – баршамызға ортақ міндет, – деді облыс әкімі.
Бүгінде Батыс Қазақстан облысының халқы 700 мыңға жуықтайды. Оның 21,1 пайызын түрлі этнос өкілдері құрайды. Өңірде мемлекеттік тілді меңгеруге ерекше мән беріліп, жыл сайын мыңдаған тұрғын қазақ тілін тегін оқыту курстарымен қамтылуда.
Облыстағы мектеп оқушыларының 70 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. Биыл бірінші сыныпқа қабылданған бүлдіршіндердің 78 пайызы қазақ тілінде білім алуды таңдаған. Ал 2026 жылдың ІІ тоқсанының қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік тілдегі құжат айналымының үлесі 98 пайызға жетті.
Фестиваль барысында қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту, тарихи-мәдени мұраны сақтау, төл тарихты түгендеу және көршілес елдердегі қандастармен ынтымақтастықты одан әрі нығайту жөнінде ұсыныстар айтылды.
Тағылымды шара соңында өңірдегі тіл саясатын дамытуға және мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға елеулі үлес қосқан бір топ азаматқа ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің төсбелгісі, Құрмет грамотасы, сондай-ақ ведомство басшысы мен облыс әкімінің алғыс хаттары табысталды.