ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда тоғыз қабатты үйдегі өрттен 5 адам құтқарылып, 30 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 22 қараша күні Құрманғазы көшесі 210/1- мекенжайында болды.
Сағат 13.02-де 3 және 4 қабат арасындағы электр қалқаны, сондай-ақ 3-тен 5 қабатқа дейін 9 метр электр кабелі жанды.
ТЖ департаментінің күшімен 5 адам құтқарылса, соның үшеуі – балалар. Оған қоса 30 адам шығарылды, оның төртеуі – балалар.
Зардап шеккендер жоқ.
Өрт сағат 13.41-де оқшауланып, 13.56-да сөндірілді. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, келтірілген шығын, кінәлі адамдар анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда автокөліктен түк қалмай жанып кеткенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).