ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласындағы №2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тоғызқұмалақтан жастар мен қыздар арасында БҚО жекелей чемпионаты мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Тоғызқұмалақты одан әрі дамыту және спортшылар шеберлігін шыңдау мақсатында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған жарысқа аудандар мен қаладан 10 команда құрамында 106 тоғызқұмалақшы қатысты.
Атап айтқанда, Жаңақала, Тасқала, Шыңғырлау, Бөрлі аудандары мен Орал қаласынан келген спортшылар бақ сынады.
Тоғызқұмалақтан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Жарасхан Сағынбаевтың айтуынша, жоғары деңгейде тартысты өткен біріншілік қорытындысында 17 жастағылар арасында қыздардан Самира Оразмұханбет чемпион атанса, Қарақат Сәлімғали екінші, Айдана Аманғали үшінші орынға шықты. Ұлдардан Әбілмансұр Нұрғазиннің мерейі үстем болса, Нұршат Жеңісқали күміс, Дәулет Елубаев қола жүлдеге ие болды.
19 жастағылар арасында Ақгүл Бауыржанқызы озып шықса, Азария Хамидуллина екінші, Альбина Ешмұхан үшінші жүлдеге ілікті. Ұлдардан Бейбарыс Нұрғазин жеңімпаз атанып, Тайыр Салхай күміс, Бекнұр Тұрсынбай қола медальмен марапатталды.
21 жастағылар арасында Сандуғаш Болысбай, Ханшайым Оразғалиева, Дильназ Ерниязова үздік үштікке ілікті. Сондай-ақ Нұрберген Түсіпқали жеңіс тұғырына, Бейбарыс Жолдасқали екінші, Мержан Ерген үшіінші орынға көтерілді.
Барлық жеңімпаз-жүлдегерлер медальдармен және дипломдармен марапатталды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).