ОРАЛ. ҚазАқпарат – Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында тоғызқұмалақтан ерлер арасындағы Қазақстан командалық чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мәдениет және спорт министрлігі мен БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы ұйымдастырған жарысқа еліміздің үш қаласы мен тоғыз облысынан 80-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
Жеті күнге созылған біріншілік қорытындысында тоғызқұмалақтың классикалық түрінен Ақтөбе облысының командасы чемпион атанса, павлодарлықтар екінші, қарағандылықтар үшінші орынға көтерілді.
Блиц түрінен қызылордалықтар озық шықса, ақтөбеліктер екінші, БҚО құрамасы үшінші сатыдан көрінді.
«Биылдан бастап чемпионат классикалық және блиц түрі болып екі топқа бөлінді. Бірінші орын алған тоғызқұмалақшылар спорт шебері нормативін орындайды. Сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасы сапына кіріп, ел намысын қорғайтын болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Қазақстанның тоғызқұмалақтан мемлекеттік жаттықтырушысы Дәулет Әбдікәрімов.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).