ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда 6 жасар қыздың токқа соғылып, көз жұмуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚазАқпарат бұдан бұрын жазғандай , қалаға қарасты Деркөл кентінде газ құбырын ұстаған 6 жасар қыз мерт болған еді.
«Бүгін сараптама қорытындысына сәйкес қыз баланың ток соғып, қайтқаны белгілі болды. Бастапқыда бұл дерек жазатайым оқиға ретінде тіркелген еді. Қазіргі кезде ол қайта дәрежеленіп, ҚР ҚК 306-бабы 3-бабына (абайсызда адам өліміне әкеп соққан қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) сәйкес қылмыстық іс қозғалды», деді ҚазАқпарат тілшісіне БҚО полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда қалалық саябақ аттракционындағы әткеншектен балалардың құлауына байланысты қылмыстық іс қозғалған болатын.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).