ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласында электр подстанциясы маңында оқыс оқиға болды.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 30 сәуір күні подстанция төбесінде 2015 жылғы ұл баланы ток соққан.
- Бала ауруханаға жатқызылды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталу үстінде. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады ведомстводан.
Тұрғындардың сөзіне қарағанда, бала төбеде тұрып қалған допты алып, жерге лақтырып жіберген. Содан төмен түскенде, ток соққан.
БҚО Денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, қазір төртінші дәрежелі күйік жарақатын алған 9 жастағы бала облыстық көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Аппаратпен тыныс алып жатыр, жағдайы ауыр. Денесінің 95 пайызын күйік шалған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда жүк көлігі қағып кеткен 5 жасар баланың жансақтау бөлімінде жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).