ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда ток соққан электрик ауыр жарақат алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін түсте Зачаган кентінде болды.
Кенттегі 25-Чапаев дивизиясы көшесі 25-мекенжайында орналасқан «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы «АҚ»-ға қарасты қосалқы стансаға жедел жәрдем сағат 13.30-да шақырылды.
Осында электрик болып жұмыс істейтін 49 жастағы ер адамның басы мен денесін 80 пайыз күйік шалған. Ол ауыр жағдайда облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
БҚО ТЖ департаменті баспасөз қызметі болған оқиғаны растап, электрикті жұмыс жасап жатқан кезде ток соққанын жеткізді.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да індет жұқтырған жүкті әйелдің алыс ауданнан санавиациямен жеткізілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).