Оралда төрт адам газдан уланып қалды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда төрт адам газдан уланды, олардың екеуі – кішкентай бала, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқыс оқиға 9 ақпан күні Краснодар көшесіндегі 45-үйде болды.

Жедел жәрдем сағат 16.45-те шақырылды.

Белгісіз заттан уланған 1,6 айлық ұл бала, 4 жасар қыз облыстық көпбейінді балалар ауруханасына, 48 жастағы әйел және 25 жастағы жүкті келіншек облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.

«Ауруханада олардың жеңіл дәрежеде табиғи газдан уланғаны анықталды. Барлығы да амбулаторлық ем алуға үйіне жіберілді», деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда 29 жастағы жігіттің газ тапаншасынан жарақат алғанын жазған болатынбыз.