ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда төрт автокөлік соқтығысып, 4 адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға бүгін мұнай базасы ауданындағы көпірде болды. Жедел жәрдем сағат 11:50-де шақырылды.
Жол апаты салдарынан миы шайқалды деген күдікпен 21 жастағы жігіт, 35 және 77 жастағы әйел адамдар облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Зардап шеккен 22 жастағы жігіт ауруханаға жатудан бас тартты.
Қазіргі кезде оқиғаның жай-жапсары анықталу үстінде.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, сағат 11.50 шамасында БМВ автокөлігінің жүргізушісі А.Тайманов көшесі жағынан келе жатып, рульге ие бола алмай, автокөпірдің жиектасына соғылған. Содан кейін жолдың қарсы жолағына шығып кеткен. Соның салдарынан төрт автокөлік түйісіп, төрт адам медициналық көмекке жүгінді.
БМВ автокөлігінің жүргізушісіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 610-бабына сәйкес хаттама толтырылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).