Орал қалалық сотынан түскен мәліметке қарағанда, М. Рахадилов ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі төмен қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Ол сонымен қатар бес жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.
Сот талқысында белгілі болғанындай, оқиға өткен жылы 7 желтоқсан күні болды.
М. Рахадилов шамамен сағат 03.00-де мас күйінде «Audi B4» көлігімен Жәңгір хан көшесімен келе жатып, жол ережесін өрескел бұзған. Соның салдарынан 1990 жылғы келіншекті қаққан.
Облыстық көпбейінді ауруханаға жеткізілген жәбірленуші кейін көз жұмды. Марқұмның төрт бірдей баласы жетім қалды.
Сотта М. Рахадилов кінәсін толықтай мойындады.
Жол-көлік оқиғасы 2019 жылы желтоқсан айында орын алғандықтан, үкім Қылмыстық кодекстің ескі редакциясы талаптарына сәйкес шығарылды.
Жәбірленуші тарап сотталушыға кешірім берген жоқ.
Сонымен қатар осындай қылмыстарға жол бермеу және полиция қызметкерлері арасында алдын алу шараларын жүргізу мақсатында БҚО полиция департаменті атына жеке қаулы шығарылды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда полицей көлікті қағып, жас келіншектің көз жұмғанын жазған болатынбыз.