ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда төрт өзбекстандық азамат коронавирустан жазылып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры Надия Ахметованың айтуынша, олардан алынған бақылау сынамасы таза екендігін көрсетті.
Төртеуінің де жағдайы қанағаттанарлық.
«Енді бұлардың екеуі өз жүк көлігімен еліне қайтатын болады. Екеуіне таксимен жету үшін қала әкімдігі арқылы рұқсат алынып берілді. Қалған 97 науқастың біреуі ауыр халде. 32-сі орта ауыр дәрежеде, қалғанынікі жеңіл өтіп жатыр», деді ҚазАқпарат тілшісіне Н.Ахметова.
Осылайша Батыс Қазақстанда жазылып шыққандар саны алты адамға жетті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да коронавирус жұқтырған 4 адамның жүк тасымалымен айналысатын Өзбекстан азаматы болып шыққанын, бүгін 1400-ге жуық адамның үйде оқшауланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).