ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда төрт жасар баланы ұрлап кетпек болған 1992 жылғы тұрғын ұсталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.
Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, кеше түскі 12.30 шамасында жәбірленуші әйелден белгісіз біреудің баланы ұрлап әкетпек болғаны жөнінде хабарлама түскен. Әйел балаларымен сейілдеуге шыққан. Сол кезде жас жігіт оның төрт жасар ұлын көтеріп алып, қашпақ болған. Бірақ адамдар айқайлағаннан кейін лақтырып тастап кеткен.
Қылмыстың ізі суымай ашылып, бұрын бірнеше рет сотталған К. деген азамат қолға түсті. Ол осы әрекетке барған кезде ішімдік ішкен болып шықты.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 125-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).