Оралда той сарайы балалар шығармашылығы орталығына айналды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда «Той сарайы» мейрамханасы қайта жасақталып, «Шабыт» балалар шығармашылығы орталығына айналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа орталықтың ашылу рәсіміне қатысқан қала әкімі Абат Шыныбековтің атап өткеніндей, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен экономиканың барлық саласын дамыту бағытында жұмыстар атқарылуда.

Коронавирус індетіне байланысты көптеген кафе, мейрамханалардың жұмысын тоқтатқаны белгілі. Осы орайда облыс әкімі Ғали Есқалиев жаңа кәсіпке бет бұрғысы келетін осындай нысан иелеріне мемлекет тарапынан қолдау көрсету туралы тапсырма берген болатын.

Зачаган кентінде балалар шығармашылығы орталығын ашу Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланатын жылдағы осы бағытта атқарылатын жұмыстардың алғашқы қарлығашы деуге болады. Алдымен баланы қуант деген осы болса керек.


Орал қалалық білім беру бөлімінің мектептен тыс жұмыс орталығына қарасты «Шабыт» шығармашылық орталығында 14 үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, балалар вокал, би, домбыра, тоғызқұмалақ, қолөнер, шахмат, арқан есу, құммен сурет салу, кондитерлік тағамдар дайындау, бейнелеу өнеріне үйренетін болады. Яғни қосымша білім алып, шеберліктерін жетілдіреді.


Мейрамхана иесі Нұржан Әбдірахманов нысанның қаңырап, бос тұрғанынан гөрі жас жеткіншектердің игілігіне беріліп жатқанына қуанышты екендігін білдірді.

Оның сөзіне қарағанда, 2017 жылы ірге көтерген мейрамхана індет шеңгелін салған былтырғы наурыздан бері жұмысын тоқтатқан екен.

«Мемлекеттік порталдан орталыққа жалға алуға ғимарат іздестіріліп жатқаны жөніндегі хабарландыруды көріп, конкурсқа қатыстым. Ғимаратқа ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз еттім», деді Н.Әбдірахманов.

Қалалық білім беру бөлімі мәлім еткеніндей, облыс орталығында оқушы саны 52 мыңнан асады. Бұған дейін шаһардағы алты білім беру мекемесінде 13 мың оқушы қосымша біліммен қамтылса, енді Зачаган кентіндегі балаларға да сондай мүмкіндік беріліп отыр.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 600-ден астам адамның коронавирусқа қарсы екпе салдырғанын, оқушылар мен мұғалімдер арасында індет жұқтыру көбейіп отырғанын жазған болатынбыз.