ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда түн ішінде өрт болған үйден 41 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, 7 сәуір күні сағат 00.52-де А.Тайманов көшесі 221-мекенжайында көпқабатты үйден өрт шыққаны жөнінде хабар түскен.
Өрт оқиғасын барлау барысында 8-қабаттағы №807-5-пәтерде жиһаз бен жеке заттардың жанып жатқаны анықталды.
Құтқарушылар аталған үйден 41 адамды алып шықты, соның 12-сі – балалар.
Жеке құрамнан 14 қызметкер 6 техникамен жұмылдырылды.
«Тілсіз жау» сағат 01.22-де оқшауланып, 02.05-те толықтай ауыздықталды.
Зардап шеккендер жоқ.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйлерді су басу қаупі туындағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).