ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда полиция қызметкерлері мониторингтік топ мүшелерімен бірге түнгі клубта көп адамның демалып жатқандығын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, індеттің өсе түскеніне және шектеу шараларына қарамастан, кейбір көңіл көтеру орындары карантиндік талапты бұзуды тоқтатар емес.
Осындай оқиғаның бірі 20 қараша күні «Палладиум» сауда үйінде орын тепкен «ФСБ» түнгі клубында болды. Бейнежазбада көрсетілгеніндей, сағат 22.42-ден кейін де мұнда көп адамның көңіл көтеріп жүргені әшкереленді.
Жауапкершіліктен қашпақ болған кейбір келушілер тіпті әжетханаға тығылды. Соның ішінде біреуі әжетхана ішінде қабырғадағы тесікке жасырынып, өзін тақтаймен жаппақ болғанымен, тәртіп сақшыларынан құтыла алмады.
«Түнгі клубта болған 80-нен астам адамның бәріне әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ нысанның иесіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі 425-бабына сәйкес хаттама түзілді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда санитарлық постар алынатынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).