Оралда Тұңғыш Президент алаңының жері жалға берілді ме — әкімдік жауап берді

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

ОРАЛ. KAZINFORM — Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңының жері жалға берілгені туралы әлеуметтік желіде ақпарат жарық көрді.

Қала тұрғынының Instagram әлеуметтік желісінде мәлім еткеніндей, жалға берілген орындар балалар алаңына қарай орналасқан. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

— Сегіз батут адам отыратын жерді жауып тастаған. Кісілері дөрекі, пойыздар баланы таптап кетсе, кім жауап береді? 15 велосипед бар, өткенде бір адамды қағып кетті. Сұрасам, қалалық мәдениет және демалыс саябағының директоры жалға беріп, ақша алып отыр дейді. Бала өміріне қауіпті заттар тұр. Адам жүретін дұрыс жер жоқ, батут жыртық. Әкімдік қайда қарап отыр? — деп жазады тұрғын.

Осыған байланысты Орал қаласы әкімдігі жауап берді. 

Әкімдік мәліметіне қарағанда, Тұңғыш Президент алаңы қазіргі таңда «Мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясы» МКК теңгеріміне берілген. 

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

Алаң аумағында заңсыз орнатылған аттракциондар мен ойын-сауық нысандарын ретке келтіру бағытында 1 ай бойы тиісті жұмыстар жүргізілді. Алайда, ескертулерге қарамастан, кейбір кәсіп иелері алаңға қайта шығып, қызметін жалғастырды. Осыған байланысты алаңда қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында нақты шешімдер қабылданды.

— 31 арнайы орын белгіленіп, құжаттарын тапсырып, өтініш қалдырған кәсіпкерлермен келісім-шарттар жасалды. Сол кәсіпкерлер белгіленген учаскелерде өз қызметтерін көрсете алады. Алаң аумағы түгел емес, нақты рұқсат берілген бөліктер ғана пайдалануға ұсынылды. Отбасылық пойыздарға арнайы қозғалыс жолдары бөлінді. Олар жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмейді. Ал электрлі самокаттар, гироскутер және тағы осындай қатты жылдамдықпен жүретін көлік құралдарымен алаңда жүруге тыйым салынған, — делінген ресми жауапта.

Фото: Ғайсағали Сейтақ\Kazinform

«Мәдениет және демалыс саябақтары мен скверлері дирекциясы» МКК директоры Мейірбек Қажығалиев Тұңғыш Президент алаңының 11 маусымда мекемеге теңгерімге берілгенін растады. 

Оның айтуынша, содан бері рейд жұмыстары жүргізілді. Кәсіпкерлердің заңсыз қызмет көрсетуіне жол бермеу үшін алаң үнемі бақыланады.

— Күні бүгін 28 кәсіпкермен келісім-шарт жасалды. Жалға беруден түскен қаржыға алаңның жарығын қамтамасыз ету, өрнектасты жөндеу сияқты жұмыстар атқарылады. Алаңның тазалығы мен қауіпсіздігін сақтау үшін 5-6 жұмысшы, 8 күзетші жұмысқа алынды. Олар өз қызметтерін атқаруда, — деді М.Қажығалиев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда аттракциондарды тексеретін сынақ орталықтары бар ма, сол туралы жазған едік.