Орал қаласында тұрғын үйдегі өрт салдарынан 42 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Kazinform.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 16 желтоқсан күні Ақтөбе көшесі 254-үйде болды.
«Сағат 04.03-те төрт пәтерлік бір қабатты үйде №2 пәтерде жеке заттар, төбе жақтауы мен шатыр отқа оранды. Өрт 70 шаршы метрді қамтыды. Асүйден 1981 жылғы пәтер иесінің мүрдесі табылды. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға жеке құрамнан 21 адам 5 техникамен жұмылдырылды. Жалын сағат 05.05-те оқшауланып, 05.38-де толықтай сөндірілді. Аталмыш үй 1965 жылы салынған. Алдын ала мәлімет бойынша өрт отпен абайламаудан (темекі тарту кезінде) шыққан», деп хабарлады ведомстводан.
Әлеуметтік желіде тұрғындар аталған үйдің сүрілуге жататынын, онда тұрудың мүмкін еместігін жазған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйдегі өрт орнынан екі адамның мүрдесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).