Оралда тұрғын үй кіреберістерінде мыңнан астам бейнебақылау камералары орнатылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - БҚО прокуратурасы «Қазақтелеком» АҚ-мен бірлесе қолға алған пилоттық жоба барысында Орал қаласындағы тұрғын үйлер кіреберістерінде (шамамен 600-ден астам үйде) 1 276 бейнебақылау камерасын орнату көзделуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Облыс прокурорының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаевтың айтуынша, камера орнатуға 1 500-ден астам тұрғын тілек білдірген. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда бейнекамералар санын тағы 2 542-ге көбейту мәселесі қарастырылмақ. Бұл қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алудың бір жолы болмақ.

Жалпы, өткен жылдың тамызынан бері облыс прокуратурасының бастамасымен «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы жүзеге асырылуда. Соңғы бес жылда өңірде ұрлық орта есеппен 23 пайызға өсіп келеді. Ұрлық барлық қылмыстың 58,5 пайызын құрайды. Аталмыш жоба нәтижесінде ұрлық өткен жылдың аяғына қарай 7 пайызға төмендесе, биылғы қаңтарда 7,5, ақпанда 14,2, наурызда 15 пайызға дейін азайды. Соның ішінде ұялы телефонды жымқыру 25,7 (517-ден 384-ке), мал ұрлығы 38,0 (121-ден 75-ке дейін) пайызға қысқарды. Дегенмен пәтерден ұрлау 26,6 (241-ден 305-ке) пайызға көбейіп отыр.

Меншік иелері есебінен 382 бейнебақылау камерасы, 400-ден астам домофон мен 46 кодалы құлып орнатылып, күзетілетін төрт тұрақ ашылды, 39 коммерциялық нысан пульттік күзетке берілді.

Жыл басынан бері облыста 66 мал ұрлығы тіркелсе, соның 36-сында (54,5 пайыз) мал еркін жайылымнан әкетілген. «Ұрлыққа тосқауыл» жобасы аясында облыстың төрт ауданында (Сырым, Тасқала, Ақжайық, Теректі) 52 бас мал ұрлаған 8 адамнан тұратын қылмыстық топ әшкереленді. Олар жәбірленушілерге 11,630 млн теңге материалдық шығын келтірген.