Оралда тұрғын үй өртеніп, 87 жастағы әйел ауруханаға түсті

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда тұрғын үй өртеніп, 87 жастағы әйел ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінің баспасөз хатшысы Арайлым Ғанидың айтуынша, кеше Алмазов көшесі 139/1 мекенжайында тұрғын үйдің өртенгені жөнінде хабар сағат 22.27-де түскен.

Аумағы 25 шаршы метрді қамтыған өрт 23.00-де оқшауланып, 23.54-те сөндірілген.

«Оқиға орнынан қалалық көпбейінді ауруханаға 1931 жылы туған әйел жеткізілді. Ол орта дәрежеде газбен уланған. Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде», деді А.Ғани.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, жеңіл дәрежеде газбен уланған 1956 жылғы ер адам ауруханаға жатудан бас тартты.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да тұрғын үйдің түгелдей өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.