ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйде өрт болып, 10 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін түнгі сағат 01.00-де Ш.Жексенбаев атындағы көше 67-үйде болды.
Үш қабатты үйде 3-пәтерде жеке заттар мен жиһаз жанған.
Газдан уланудың алдын алу мақсатында үйден 10 адам шығарылса, соның екеуі - балалар. Оған қоса екі адам құтқарылды.
«Тілсіз жау» 01.14-те оқшауланып, 01.39-да ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлілер, келтірілген шығын анықталуда.
Сондай-ақ бүгін Бәйтерек ауданы Белес ауылынан 18 шақырым жерде дала жолында тұралап қалған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігіне көмек көрсетілді. Сағат 11.04-те аталған көлік жолдың тазартылған бөлігіне шығарылды. Оның ішінде болған төрт адам медициналық көмекті қажетсінген жоқ. Бұл көлікті іздестіру жұмыстары кеше сағат 23.30-дан бері жүргізілген.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).