Оралда тұрғын үйде өрт болып, бір адам ауруханаға жеткізілді

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Оралда тұрғын үйде өрт болып, бір адам ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Ватутин көшесі 53-үй 81-пәтерде өрт болып жатқаны жөнінде хабар бүгін түнде 01.35-те түскен.
 

Оқиға орнына 3 техника, жеке құрамнан 9 адам жедел жеткен мезгілде бес қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерде заттар мен жиһаздың жанып жатқаны белгілі болды.

Үйді түтін алып кеткендіктен, өрт сөндірушілер жоғары қабаттардан адамдарды сыртқа шығарды. Барлығы 10 адам шығарылып, 3 адам құтқарылса, соның екеуі - балалар. 1976 жылғы әйелдің сол қолын 1-2 дәрежелі күйік шалған және жеңіл дәрежеде газдан уланған. Ол жедел жәрдем бригадасымен Орал қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілді.

Өрттің сағат 02.29-да беті қайтып, 02.54-те толықтай сөндірілді. Өрт аумағы 25 шаршы метрді құрады.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталуда.