ОРАЛ. ҚазАқпарат – Орал қаласында бес қабатты тұрғын үйдегі өрттен 38 адам эвакуацияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, оқиға 21 қаңтар күні сағат 00.29-да Мұхит көшесі 134-мекенжайында болды.
Осындағы №59 пәтерде жеке заттар мен жиһаз отқа оранды.
Құтқарушылар 38 адамды үйден шығарса, соның 9-ы – кішкентай балалар.
«Тілсіз жау» сағат 00.59-да толықтай ауыздықталды.
Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің нақтылауынша, жедел жәрдем сағат 00.30-да шақырылып, екі бригада алты минуттан кейін жетті.
Орта дәрежелі газбен уланған 22 жастағы жігіт қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал қаласында бес қабатты үйдегі өрттен 25 адамның эвакуацияланғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).