Оралда тұрғын үйдегі өрттен 6 адам құтқарылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйдегі өрттен 6 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен алынған мәліметке қарағанда, 30 шілдеде сағат 23.59-да И.Ларин көшесі бойындағы бес қабатты №9 үйде өрт болып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Аталған үйдің төртінші қабатындағы №53 пәтердің залы мен кіреберіс бөлмесіндегі жеке заттар мен жиһаз отқа оранған. Өрттің жалпы аумағы 25 шаршы метрді қамтыды.

Оқиға орнына жеткен бойда өрт сөндірушілер түн ортасы болғандықтан, тұрғындарды жедел құтқаруға кірісті. Соның ішінде иіс тиіп, газдан уланған 6 адам қауіпсіз жерге жеткізіліп, жедел жәрдем бригадасына тапсырылды. Олардың біреуі - бала. Оған қоса 27 адам эвакуацияланды, бұлардың 9-ы - балалар.

Өрт бүгін сағат 00.55-те оқшауланып, 01.30-да сөндірілді. «Тілсіз жауды» ауыздықтауға 8 техника, 22 адам жұмылдырылды.

Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталуда.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың айтуынша, оқиға орнына жедел жәрдем 00.03-те шақыртылып, бес минуттан кейін жетті. 1967 жылғы, 1974 жылғы, 1995 жылғы әйел адамдар және 1973 жылғы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Сондай-ақ 2016 жылғы екі жасар бала облыстық көпбейінді балалар аруруханасына түсті. Бұлардың бәрі де орташа ауыр дәрежеде иіс тиіп, газдан уланған.