ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйдегі өрттен бес адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, өрт бүгін Еуразия даңғылы бойындағы бес қабатты 56-үйде 32-пәтерінде болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінен алынған мәлімет бойынша өрттен бес адам зардап шекті. Орта дәрежелі газдан уланған 40 жасар әйел мен бір жасар сәби облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жатқызылды. Жеңіл дәрежеде газдан уланған 89 және 91 жасар кейуана мен 71 жасар ер адам ауруханаға жатудан бас тартты.
Бірінші қабаттағы өрт жөнінде сағат 11.56-да хабар түскен. Құтқарылғандардың біреуі - бала. Оған қоса 15 адам эвакуацияланса, соның екеуі - бала.
Аумағы 10 шаршы метрді қамтыған өрт 12.22-де оқшауланып, 12.27-де сөндірілді.
«Тілсіз жауды» ауыздықтау мен құтқару жұмыстарына 23 адам, 5 техника жұмылдырылды.
Қазіргі кезде өрттің себебі, кінәлі адамдар, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).