БҚО ТЖ департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен алынған мәліметке қарағанда, Достық көшесінде 216-мекенжайында орналасқан бес қабатты үйді қатты түтін алып кеткені жөнінде хабар сағат 01.23-те түскен.
1966 жылғы азаматқа тиесілі пәтерде есік қаптамасы мен жеке заттары жанған. Өрт аумағы 6 шаршы метрді қамтыған.
Өртті сөндіруге 4 техника мен жеке құрамнан 10 адам жұмылдырылды.
Жедел іс-қимыл нәтижесінде оқиға орнынан екі адам құтқарылды. 3 адам қауіпсіз жерге көшірілген. Соның ішінде газдан уланған 1938 жылғы қария да бар.
«Тілсіз жау» сағат 02.09-да оқшауланып, 02.18-де ауыздықталды.
Қазіргі кезде өрттің шығу себебі, кінәлілер, келтірілген шығын анықталу үстінде.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Айнагүл Сақпосынованың нақтылауынша, оқиға орнынан 1938 және 1966 жылғы ер адам қалалық көпбейінді ауруханаға жеткізілді. Алдын ала мәліметке қарағанда, екеуі де газдан ауыр дәрежеде уланған. Жедел жәрдемге шақырту сағат 01.46-да түсіп, бригада 01.51-де жеткен.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда «Променад» сауда үйінің өртенгенін жазған болатынбыз.