ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда тұрғын үйге «бомба қойылғаны» жөніндегі хабар жалған болып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға бүгін таңмен сағат 05.00-де болды.
Белгісіз ер адам ұялы телефоннан Махамбет ақын көшесі 7-мекенжайындағы үйде бомба қойылды деп 102-ге қоңырау шалған.
Қазіргі кезде телефон шалған адам іздестірілуде. ҚР ҚК 273-бабына (терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сәйкес тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).