«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында облыстық сот пен БҚО әкімдігі қолға алған жоба бойынша қалада тұрғындар медиаторларға электронды қызмет арқылы жүгінбек.
Шараға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасының кәсіпорындардың, жалпы елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сондай-ақ халықтың өмір сүру деңгейін көтеру үшін экономиканың түрлі саласын цифрландыруды, мемлекеттік қызмет сапасын жақсарту бағытында электронды жүйені енгізуді басты міндеттердің бірі ретінде қойғаны белгілі. Сонымен қатар «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында тұрғындар арасындағы дауларды шешудің балама түрі ретінде медиацияны кеңейту туралы айтылғаны мәлім. Күні бүгін облыста 100-ден астам медиация кабинеті жұмыс жасайды. Енді азаматтардың талап-тілегін толығырақ қанағаттандыру үшін жаңа пилоттық жоба қолға алынып отыр.
Облыстық сот төрағасы Бек Әметовтің айтуынша, бұл халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүзеге асырылатын республикадағы алғашқы жобалардың бірі болмақ.
Бастапқы кезеңде электронды сервис Оралдағы №1 халыққа қызмет көрсету орталығында іске қосылды.
«Logitex» ЖШС жобаларының менеджері Антон Скрамовскийдің сөзіне қарағанда, медиаторға онлайн-өтінімді ХҚКО-ның қызметкері арқылы беруге болады. Сосын орталық қызметкері автоматтандырылған жүйе арқылы қолданыстағы кәсіби және кәсіби емес медиаторлар тізіміне өтінішті жолдайды. Өтінімдерді қабылдау медиаторлардың еркінде. Тіркеуден кейін ХҚКО-ның қызметкері жүгінген адамға медиатордың аты-жөні, мекен-жайы және қабылдау уақытын хабардар ете отырып, талон береді. Электрондық сервистің қызметі азаматтар мен медиаторлардың белсенділігіне тәуелді болады.
Екінші кезең 2018 жылдан басталады. Алдағы жылдан бастап портал құру арқылы аталған сервисті барлық азаматтар үшін жалпы қолжетімділік деңгейіне шығару көзделуде. Бөлменің сілтемесіне кіру арқылы пайдаланушы медиация туралы материалдармен танысып, медиаторлар тізімін, жұмыс кестесін, пікірлерді, медиатордың жұмыс тәжірибесін және басқа мәліметтерді біле алады. Сервис дербес гаджеттер мен смартфондарда жүктеу және орнату мүмкін болатын мобильдік қосымшасында қолжетімді болады.
Бұл жобаның басты тиімділігі, медиаторларды таңдау кезінде азаматтарға уақытты үнемдеуге және қағазбастылықты жоюға мүмкіндік береді, екінші жағынан, құқық қорғау органдарының жұмысын жеңілдетеді.