ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда түрмедегі төбелеске байланысты 12 қызметкер тәртіптік жауапкершілікке тартылды. БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, соның ішінде РУ-170/2 мекемесінің бір қызметкері қызметінен шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тексеру қорытындысы бойынша тағы үш қызметкерге қызметіне толық сәйкес еместігі жөнінде ескерту берілді. Төрт адамға қатаң сөгіс жарияланды. Үшеуі сөгіс алса, тағы біреуіне ескерту берілді», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал түрмесінде төбелес болып, 10 адам жарақат алғанын жазған едік. Аталған оқиға бойынша ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігіне (денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру) сәйкес полиция қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі осы оқиға кезінде жақ сүйегі сынған адамның әлі ауруханада жатқандығын жеткізді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).