ОРАЛ. ҚазАқпарат – БҚО бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткеніндей, телефондарды алып өту оқиғасы 18 мамыр күні қауіпсіздігі барынша жоғары мекемеде болған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мекеменің жедел қызметкерлеріне түрме аумағына тыйым салынған заттарды алып өтуге дайындық жүріп жатқаны жөнінде ақпарат түскен. «Б» жеке мекемесінің «Т» есімді жүргізушісінің автокөлігін тексеру барысында ауа компрессоры баллонынан 38 ұялы телефон табылған. Оның 30-ы – смартфон. Сондай-ақ, 42 қуаттау құрылғысы, 10 сымсыз және 3 сымды құлаққап шыққан»
, - деді РУ-170/3 мекемесінің бастығы, әділет полковнигі Магнис Сабыров.
Оқиға орнына жедел тергеу тобы шақыртылып, тыйым салынған заттарды тәркілеу актісі түзілді. Қазір аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда түрмедегі төбелеске байланысты 12 қызметкердің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).