Оралда тұрмыстық қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласы маңындағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қалдықтарды сұрыптайтын кешен іске қосылды.

«ЭКО-плюс» ЖШС-ның қос желісі бар кешені қалдықтарды одан әрі өңдеу және халық тұтынатын тауарлар өндірісінде пайдалану үшін іріктеп, бөліп отырады. Аталмыш серіктестік директоры Ерік Машбаевтың айтуынша, кешен 80-100 мың тоннаға дейінгі қалдықты сұрыптай алады. Кешеннің қабылдау алаңынан екі контейнерлік желіге әйнек, полиэтилен, пластика, қағаз, металдар қолмен іріктеліп, беріледі. Сұрыпталған қалдықтардың 60 пайыздайы қайталама шикізаттан тауар өндірумен айналысатын кәсіпорындарға жеткізіледі.

-Қазіргі таңда кешенде 12 адам еңбек етуде. Бір айдан кейін кешен толық қуатына көшкен кезде жаңадан тағы 20 жұмыс орны ашылмақ. Полигонды қазіргі заманғы талаптарға сәйкес қайта құру алдағы уақытта да жалғасады, - деді Е.Машбаев.

Айта кетейік, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонын 2014 жылы қала әкімдігі «ЭКО-плюс» ЖШС-ға 10 жылға сенімді басқаруға берген. Осы уақыт ішінде кәсіпорын полигон аумағын абаттандыру және басқа жұмыстарды жүргізді. 2015 жылы полигонға 55 мың тонна қалдық қабылданып, көмілсе, биылғы сегіз айда 43 мыңнан астам тонна қалдық түскен. Бұл тұрмыстық қалдықтың жыл санап көбейіп келе жатқандығын көрсетеді.