Оралда тұрмысы нашар көп балалы отбасылардың балаларына қолдау көрсетілді

ОРАЛ. 11 тамыз. ҚазАқпарат - Кеше «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалының ұйытқы болуымен «Баланы мектепке даярлаймыз» атты шара барысында аз қамтылған, көп балалы отбасылар балаларына қолдау көрсетілді.

Ю.Гагарин атындағы кинотеатрда өткен шарада «Нұр Отан» ХДП Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Асланбек Сарқұловтың атап айтқанындай, өңірде мұндай шара бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Бұл жолы да «Нұр Отаннан» сайланған қалалық мәслихат депутаттары, бастауыш партия ұйымдары қолұшын созды. Тоқсаннан астам бала жиналып, оларға сөмке мен оқу құралдары табыс етілді.

Қалалық мәслихат депутаттары Мақсот Берген, Шалқыма Құрманәлина және басқалар елімізде жас ұрпаққа барынша қамқорлық жасалып отырғанын, көп балалы, аз қамтылған отбасылар жеткіншектері әрдайым назарда екенін, енді олардың тек қана жақсы оқып,  өскенде ел азаматы болуы керектігін атап өтті.