Оралда турнир тәжік-ауған шекарасында қаза тапқандарды еске алуға арналды

None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында 1995 жылы 7 сәуірде тәжік-ауған шекарасында ерлікпен қаза тапқан 17 қазақстандық жауынгеді еске алуға арналған волейболдан дәстүрлі турнир мәреге жетті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2011 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан жарысқа бұл жолы жеті команда қатысып, бақ сынады.
 

Бірінші орын үшін бәсекеде «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517-әскери бөлімнің «Бүркіт» арнайы бөлімшесі жасағы командасы «Ардагер» командасынан басым түсіп, кубокті ұтып алды. Үшінші орынды БҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент командасы иеленді. Жеңімпаз-жүлдегерлер кубок, грамота, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
 

Айта кетейік, 1995 жылы 7 сәуірде Пянджа өзені жанындағы Пшихвар шатқалында Қазақстан ішкі әскерінің рота командирі, капитан Ерлан Алданазаров бастаған жауынгерлері күші әлдеқайда басым жаумен шайқасқан болатын. Сол ұрыста 17 қазақстандық жауынгер қаза тауып, отыздан астамы жарақат алды. Ерлікпен қаза тапқандардың бірі, Шыңғырлау ауданы Шыңғырлау ауылында туып-өскен сержант Радик Қаймулдиев көз жұмғаннан кейін екінші дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Оның атында қазіргі кезде Шыңғырлау ауылында көше бар. Сондай-ақ 2011 жылы 5517-әскери бөлім аумағында 17 қазақстандық жауынгердің құрметіне ескерткіш орнатылды.