НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Оралда түзету мекемесінде жасы 18-ге толған сайлаушы алғаш рет дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің РУ-170/1 мекемесіндегі №464 жабық сайлау учаскесінде осында тіркелген 185 сайлаушы толықтай өз таңдауын жасады.
Іс-шараға сайлау құқығы бар барлық адам қатысты. Соның ішінде жуырда 18 жасқа толған жас сайлаушы да болды.
Мекеме бастығы, әділет подполковнигі Магнис Сабыровтың айтуынша, сайлау комиссиясының барлық мүшелері алдын ала ПТР тестілеуден өтті.
Сайлау кезінде бетперде режимі, әлеуметтік арақашықтық сақталып, дезинфекциялық, ғимарат ішін желдету жұмыстары жүргізілді.
«Учаскедегі дауыс беру барысын қоғамдық бірлестік өкілі бақылап отырды. 185 сайлаушының бәрі де Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлауға қатысып, азаматтық ұстанымдарын білдірді» дейді Магнис Сабыров.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда сайлау санитарлық талаптарға сай өтіп жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).