Оралда үлкен теннисті дамытуға мүмкіндік мол - Диас Досқараев
Оның айтуынша, теннис орталығында балалар мен жасөспірімдердің үзбей жаттығуы үшін барлық жағдай жасалған. Балғын теннисшілермен кездескен Диас Досқараев Оралдағы теннис орталығында болашақта ел намысын қорғайтын спортшыларды даярлаумен қатар ірі халықаралық жарыстарды ұйымдастыруға болатынын атап көрсетті. Бұл ретте ол федерация тарапынан қолдау көрсетілетін жеткізді.
Кездесу барысында БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тимур Шаяхметов теннис жөнінен БҚО-ның жаңа аға жаттықтырушысы Сергей Селивановты таныстырды. Ол - Қазақстан намысын қорғап жүрген белгілі теннисші Андрей Голубевтің алғашқы бапкері. Осыған дейін Шымкент, Астана қалаларында жұмыс жасап, шәкірт тәрбиелеп үлгерген Сергей Селиванов енді батысқазақстандық жас таланттарды баптайтын болады.
«2015 жылдың басында біздің орталықта үлкен теннис бөлімшесі ашылған болатын. Қазіргі таңда 130-дай бала теннистің қыр-сырына үйренуде. Жаңа бапкер келгендіктен, тағы отыз шақты баланы іріктеп аламыз ба деп отырмыз. Мұнда олар алты жастан қабылданады. Қазірдің өзінде болашағынан үміт күттіретін балалар бар. Мысалы, республикалық турнирлерде топ жарып, жүлдегер атанып үлгерген Мәдина Баекесова, Аңсар Қайыржанов және басқаларын айтуға болады. Диас Досқараевпен болған әңгіме кезінде тағы бір білікті бапкердің керектігі айтылды. Сондай-ақ атақты теннисші Ярослава Шведованың Оралға келіп, шеберлік дәрісін өткізу мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Тағы бір жаңалық, 16-20 қараша аралығында осы теннис орталығында 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында алғаш рет ITF турнирі өтпекші, оған көптеген елдерден спортшылар қатынаспақшы. Алдағы жылы осындай екі халықаралық жарыс ұйымдастыру көзделуде. Оралдың географиялық жағынан Ресей қалаларына жақынырақ орналасуы да теннистің дамуына септігін тигізуде», - деді теннис орталығының директоры Қамбар Сәлімов.