ОРАЛ. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрында ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған ҚР Ұлттық музейінің бастамасымен «Ұлттық музей сенің қалаңда» атты мәдени туры өтуде.
Жоба менеджері Ардақ Қожатаеваның сөзіне қарағанда, үш күнге созылатын мәдени тур аясында Ұлттық музейдің таңдаулы он жәдігері көрермендер назарына ұсынылмақ. Соның ішінде Жәңгір ханның зайыбы Фатима ханымның камзолы да бар. Әсіресе, Қазақстанның тарихи-археологиялық брендіне айналған «Алтын адам» экспонаты келушілерге ерекше әсер қалдырды. Сондай-ақ «Ұлттық музейге саяхат» және 3D форматындағы графикалық бейнероликтер тың мағлұматтар берді.
ҚР Ұлттық музейі еліміздің бай тарихы мен мұрамыздың мол екендігін танытатын аса ірі мәдени орталық екендігі белгілі. Ол музей ісінің талаптары жөнінен Азиядағы ең үлкен музей болса, нысанның үлкендігі бойынша әлемдегі үздік ондыққа кіреді.
Айта кетейік, «Ұлттық музей сенің қалаңда!» жобасы Қазақстанның барлық өңірін де қамтымақшы.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).