ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері есірткімен және суық қарумен жүрген екі ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 12 мамыр күні 34 жастағы ер адам есірткімен қолға түскен.
Сағат 22.30 шамасында 5517-әскери бөлімінде қызмет ететін, құрамында сержант Ержан Ерболат пен қатардағы жауынгер Асхат Қажымұратов бар топ Орда көшесінде жүрген күдікті адамға назар аударған.
Тоқтатып, куәгерлердің қатысуымен қараған кезде күртесінің қалтасынан қағаз орамаға салынған зат табылды. Ол марихуана болып шықты.
Сол күні қатардағы жауынгерлер Тимур Кәрім мен Андрей Ростовщиков өзін дөрекі ұстаған ер адамның шалбарының қалтасынан зауытта жасалған жиналмалы пышақ тапқан.
Қолға түскен күдіктілер полиция қызметкерлеріне тапсырылды.
Қырағылық көрсеткені үшін аталған жауынгерлер бөлім командирімен ынталандырылды.
Жыл басынан бері 5517-әскери бөлім жауынгерлері суық қарумен жүрген бірнеше адамды ұстап үлгерді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).