Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері екі адамды есірткімен ұстады

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері бір күнде екі адамды есірткімен ұстады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 5517-әскери бөлімінің құрамында топ басшысы, сержант Асқарбек Аманжолов, қатардағы жауынгерлер Семен Чанов пен Мадияр Уәлиев бар сарбаздар Достық пен Алмазов көшелерінің қиылысында кешкісін жан-жағына алаңдап тұрған жас жігітті байқайды. Тексеріп, оның сөмкесін қараған кезде есірткіге ұқсас салмағы 300 грамм жасыл түсті зат табылды. Аталған тұрғын полиция қызметкерлеріне тапсырылды. Табылған зат марихуана болып шықты. Ал кіші сержант Ерлан Нариманов пен қатардағы жауынгерлер Игорь Кляпиков пен Владимир Бурлик М.Мәметова мен Құрманғазы көшелерінің қиылысында мас күйінде жүрген ер адамды ұстады. Оның да қалтасынан салмағы 200 грамм есірткі табылды.



Қырағылық көрсеткені үшін аталған жауынгерлер әскери бөлім командирі тарапынан ынталандырылды.