ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері суық қарумен жүрген ер адамды ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, құрамында қатардағы жауынгерлер Ерлан Оразбаев, Александр Подкопов және Игорь Денис бар топ қырағылық танытты.
Ұлттық ұлан жауынгерлері көше тыныштығын күзету кезінде сағат 17.30 шамасында теміржол вокзалы маңында күдікті адамды байқап қалды. Куәлігін сұраған кезде қаша жөнелмек болған ер адамды әскери топ қоян-қолтық ұрыс әдісін қолданып, адымын аштырған жоқ.
Куәгерлердің қатысуымен тексерген кезде оның шалбарының қалтасынан пышақ табылды. Бұдан кейін күдікті қалалық полиция басқармасына жеткізілді.
Қырағылық көрсеткені үшін аталған жауынгерлер 5517-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.
Айта кетейік, түрлі көше қылмысы кезінде суық қару қолданылатыны белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).