ОРАЛ. ҚазАқпарат - Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері шприцпен жүрген нашақорды қолға түсірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 1 наурыз күні «Солтүстік-шығыс» шағынауданында орын алды.
Құрамында кіші сержант Ағатай Әжіқанов (топ басшысы), қатардағы жауынгерлер Исламбек Сариев пен Сангин Маккамов бар топ «Шаңырақ» балабақшасының жанындағы гараждар маңында жүрген күдікті жас жігітті байқайды.
Ұлттық ұлан жауынгерлерінен бой тасаламақ болған тұрғынды құжаттарын тексеру үшін кідіртіп, қараған кезде оның күртесінің қалтасынан шприц пен сұйық есірткі табылды.
Күдікті одан әрі тексеру үшін Орал қалалық полиция басқармасына жеткізілді.
Қырағылық көрсетіп, өз қызметтерін кәсіби атқарғаны үшін аталған жауынгерлер 5517-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерлерінің екі әйелге шабуыл жасаған ер адамды, сондай-ақ суық қарумен жүрген тағы қос күдіктіні ұстағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).