ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда Ұлттық ұлан жауынгерлері үш жыл бұрын ұрланған велосипедті тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 14 мамыр күні түнде болған.
Сағат 23.40 шамасында құрамында сержант Жалғас Оразов, қатардағы жауынгер Евгений Стрякин бар әскери топ полиция қызметкерлерімен бірге Д.Қонаев атындағы шағынауданда көк түсті велосипедпен жүрген күдікті адамды байқап қалады.
Ұлттық ұлан жауынгерлері оның кім екендігіне көз жеткізу үшін полиция учаскесіне жеткізеді.
Деректерді тексеру кезінде велосипедтің бұдан үш жыл бұрын ұрланғаны белгілі болды.
Ұсталған азамат Орал қаласының 25 жастағы тұрғыны болып шықты.
Көрсеткен қырағылығы мен батыл іс-қимылы үшін аталған жауынгерлер 5517-әскери бөлім командирімен ынталандырылды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда Ұлттық ұлан сарбаздары екі адамды есірткімен және суық қарумен ұстағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).