ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында ҚР Ұлттық ұланына қарасты 5517-әскери бөлімнің жауынгерлері жоғалған төрт жасар қызды тапты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Батыс» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 2 ақпан күні сағат 18.30 шамасында патрульдік топ бастығы, лейтенант И.Нұрсейітовтің рациясына нан зауыты ауданында өз үйінің ауласында ойнап жүрген төрт жасар қыздың жоғалып кеткені жөнінде хабар түскен. Сол бойда жақын маңдағы әскери топтар бүлдіршінді іздеуге кіріскен. Сол күні 18 сағат 40 минут шамасында И.Нұрсейітов және қатардағы жауынгерлер А.Шәріпов пен Т.Увалиев М.Мәметова ескерткіші жанында жылап тұрған қызды байқаған. Ол сол жоғалған қыз болып шықты. Әскери қызметкерлер оны жақын маңдағы полиция тірек пунктіне апарып, ата-анасымен қауыштырды.
Қыздың анасы Ұлттық ұлан жауынгерлеріне шынайы алғысын білдірді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау барысында қырағылық көрсеткені үшін аталған әскери қызметкерлер ынталандыруға ұсынылды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).