Оралда Универсиадаға қатысушыларды қолдау мақсатында шаңғы жорығы ұйымдастырылды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Бүгін Орал қаласында Алматы қаласында өтетін дүниежүзілік қысқы Универсиадаға қатысушыларды қолдау мақсатында шаңғы жорығы ұйымдастырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.



Қалалық мәдениет және демалыс саябағынан басталған көпшілік жүгіру шарасына шаһардағы мекеме-ұйымдар қызметкерлері, тұрғындар белсенді қатысты. «Динамо» спорт базасы маңында мәреге жеткен шара соңында лотерея ойнатылды. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжанов Универсиадаға баратын қазақстандық спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуіне батысқазақстандықтардың тілектес екендігін жеткізді.

 

Қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Азамат Нұрмұханбетовтің айтуынша, шаңғы секілді қысқы спорт түрлерін дамытуға осындай көпшілік шаралар да септеседі. Оралда 28-інші дүниежүзілік қысқы Универсиада алауы эстафетасы 27 қаңтар  күні өткізіледі. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінен бастау алатын шара теннис орталығында мәреге жетеді. Алаугерлер тізімі жасалып, әзірлік аяқтала келді. Шара барысында облыс әртістерінің қатысуымен концерт те қойылады.

  

Еске сала кетейік, Универсиадаға шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының бас жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков бастаған мамандар баптайтын команда сапында Батыс Қазақстан облысынан Абзал Әжіғалиев, Нұрберген Жұмағазиев, Айдар Бекжанов, Нұртілек Қажығали және Анита Нагай қатысады.