Оралда ұрылар үйден алтын бұйымдар, қаруға қоса 3,2 млн теңгені үптеп кеткен

ОРАЛ. KAZINFORM — БҚО полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Оралда пәтерден ірі мөлшерде ұрлық жасаған күдіктілерді қолға түсірді.

Фото: БҚО полиция департаменті

БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға қаланың «Ескі әуежай» шағынауданындағы жеке үйлердің бірінде болды.

Үй иелері қонақта болған. Ұрылар терезе арқылы кіріп, алтын бұйымдар, ноутбук, 3,2 млн теңге және сейфтен мылтықты үптеп кеткен.

«Жедел іздестіру іс-шаралары барысында бұдан бұрын пәтер ұрлығын жасап, бірнеше рет сотталған Бәйтерек ауданының екі тұрғыны анықталды. Олар 2020 жылы сол маңдағы «Жұлдыз» және «Ескі әуежай» шағынаудандарында пәтерлерге түсіп, кейін сотталған. Тінту барысында ұрланған мылтық күдіктінің бірінің үйінен табылды. Ноутбук күдіктінің апасынан тәркіленді. Алтын жалатылған білезік сатып алушы әйелге берілген. Одан басқа күдіктілердің бірінен 300 мың теңге алынды. Аталмыш оқиға бойынша ҚР ҚК 291-бабына (қаруды, оқ-дәрілердi, жарылғыш заттар мен жарылыс құрылғыларын жымқыру не қорқытып алу) сәйкес (бұл бап бойынша айыпты деп танылған адам 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады) қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар ҚР ҚК 188-бабына (ірі мөлшерде ұрлық жасағандар мүлкi тәркiленіп, екі жылдан жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын ресейліктер Оралға жаппай көшіп келіп жатыр деген жалған хабар тарағанын болатынбыз.