Оралда үш адам ауыр жарақат алған жол апатына қатысты тергеу басталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Орал қаласында үш адам ауыр жарақат алған жол оқиғасына қатысты тергеу жүргізілуде, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

БҚО ІІД баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға кеше сағат 04.50 шамасында болған. «ВАЗ 2112» автокөлігінің жүргізушісі Сарайшық көшесінде рульге ие бола алмай, жол белгісі мен ағашқа соғылған.  

Аталған дерек бойынша, ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі бүгін қосымша хабарлағанындай, Орал қалалық көпбейінді ауруханасында ота жасалған екі адам жансақтау бөлімінде жатыр. Үшіншісі - жарақат бөлімінде. Бәрінің де жағдайы ауыр.

Еске салайық, Оралда автокөліктің жол белгісіне соғылып, үш адамның ауыр жарақат алғаны жөнінде кеше хабарлаған болатынбыз.