ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда үш адам табиғи газдан уланып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, оқиға 27 қыркүйек күні Жазира көшесі, 123 мекенжайында болған.
Жеке тұрғын үйде табиғи газдағы жылыту қазандығының істен шығуы салдарынан сағат 08.18-де үй иесі, 54 жастағы ер адам мен оның 50 жастағы әйелі жеңіл, 14 жасар қызы орташа дәрежеде газдан уланып, ауруханаға жеткізілді.
Дәрігерлер қарап, медициналық көмек көрсетілгеннен кейін үшеуі де тұрғылықты жерлері бойынша амбулаторлық емдеуге жіберілді.
Қазіргі таңда департамент қызметкерлері тұрғын үйлерде өрттің алдын алу мақсатында рейдтік шараларды жүргізуде.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да өзеннен ер адамның денесі табылғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).