Орал қалалық ішкі істер басқармасы бастығының бірінші орынбасары Нұрлан Бисеновтің айтуынша, Сырым ауданының 1993 жылғы тұрғыны кеше Бортау (Меловые горки) ауылы маңында қолға түсіп, уақытша оқшаулау изоляторына қамалды.
Кінәсін мойындаған күдіктінің сөзіне қарағанда, ол әуелі өзімен бірге тұрғысы келмеген келіншектің құрбысын пышақтап өлтірген. Кейін оның 2014 жылғы баласының және әйелдің өзінің жанын қиған. Олардың әрқайсысысына 18-ден астам рет пышақ жұмсаған. Қанды оқиға 5 қыркүйекке қараған түні сағат 02.00 мен 04.00 арасында болған. Содан кейін қылмыстың ізін жасыру пиғылымен үйді өртеген.
Аталған дерек бойынша ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігіне сәйкес (екі және одан көп адамды қасақана өлтіру) қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Күдікті бұл бап бойынша 15-тен 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Еске сала кетейік, кеше Зачаган кенті Южная көшесі 11-мекенжайындағы уақытша тұрғын үйдегі өрттен кейін үш адамның мүрдесі табылған болатын.