ОРАЛ. ҚазАқпарат – Оралда үш қабатты ғимарат өртеніп, 2 адам құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 30 желтоқсан күні сағат 19.34-те Ә.Молдағұлова көшесі, 22 мекенжайында болды.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы БҚО филиалының ғимаратында 1-қабаттағы архивте, сондай-ақ 2-қабатта өрт шықты. Оның жалпы аумағы 80 шаршы метрді қамтыды. Оқиға орнынан ғимарат күзетшісі, 40 жастағы ер адам мен оның 16 жасар қызы құтқарылды. Алдын ала диагноз бойынша орта дәрежелі газдан уланған қыз облыстық көпбейінді ауруханаға жатқызылды. «Тілсіз жау» сағат 20.18-де оқшауланып, 20.51-де толықтай ауыздықталды. Өрттің шығу себебі, келтірілген шығын анықталу үстінде», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да үш автокөлік түйісіп, Nissan Pafrol өртеніп кеткенін жазған болатынбыз.
Фото: ТЖ департаменті
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).